Қазақстандағы алғашқы ашық ұшқышсыз жолаушылар әуе аппаратының ұшуы және Орталық Азиядағы осындай алғашқы рейс жүзеге асты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Allur компаниясы EHang және QazTehna компанияларымен бірлесіп елімізде eVTOL санатындағы ұшқышсыз жолаушылар аппараттарын енгізу және кейіннен оларды жергіліктендіру жобасын іске асыруға кірісті.
Жоба 2025 жылы Allur мен әлемдегі ұшқышсыз жолаушылар аппараттарын өндірудегі көшбасшылардың бірі саналатын EHang компаниясы арасында жасалған стратегиялық келісім аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты - Қазақстанда жаңа әуе мобильдігі нарығын қалыптастыру, жоғары технологиялық өндірісті дамыту және заманауи көлік шешімдерін енгізу.

Жобаның таныстырылымы барысында Астанада EH216-S ұшқышсыз жолаушылар аппаратының ашық көрсетілім ұшуы өтті. Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев аппараттың алғашқы жолаушысы болды. Көрсетілім “Болашақ ойындары 2026” халықаралық турнирі аясында ұйымдастырылды.
EH216-S толықтай электр қуатымен жұмыс істейді, екі адамды тасымалдай алады, сағатына 130 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшады және бір зарядпен шамамен 35 шақырым қашықтықты еңсереді. Аппарат тік көтеріліп, тік қонады және алдын ала белгіленген бағыт бойынша ұшқышсыз автономды түрде қозғалады.

Жобаның алғашқы кезеңінде туристік бағыттарды дамыту көзделген. Ұшқышсыз әуе аппараттары Қазақстанның табиғи және тарихи көрікті жерлерінің үстінен 5-30 минуттық экскурсиялық рейстер орындайды. Кейіннен олар шұғыл медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмек жеткізуге, құтқару және өрт сөндіру жұмыстарына, логистика саласына пайдаланылуы мүмкін.
Сонымен қатар жоба Қазақстанда мұндай аппараттардың өндірісін кезең-кезеңімен жергіліктендіруді қарастырады. Бұл жаңа технологиялық өндірістерді қалыптастырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға және машина жасау саласының жаңа бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Қуанышбек Есекеев бұл технологиялардың Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытудағы маңызын атап өтті.
«Сәлеметсіз бе, құрметті ханымдар мен мырзалар! Сіздермен озық әуе технологияларының көрсетілімінде кездескеніме қуаныштымын. Бүгін біз алыс арман технологиясы - электр ұшу аппаратының куәсі болып отырмыз. Енді оған практикалық тесттен өтіп, жаңа көлік жүйесінің бір бөлігіне айналуда. Бүгін тестік ұшу “Болашақ ойындары” аясында өтуде де символдық мәні бар. Бұл турнир цифрлық және нақты әлемді біріктіріп, спорттың, коммуникацияның өзара іс-қимылын, жаңа форматын қалыптастырып жатқанын айқын көрсетеді. Бұл батыл технология идеялардың нақты шешімдерге айналуының жарқын кепілі», - деді Есекеев.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мұндай жобалар Қазақстан үшін жаңа көлік саласының негізін қалайтынын айтты.
«Ең алдымен ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Олар өте үлкен жұмыс атқарды. Өйткені алғашқы қадамды жасау әрқашан оңай емес. Мемлекет тарапынан барлық қажетті заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Бұл - екінші көрсетілім. Бүгін өздеріңіз көрдіңіздер, алғаш рет адамды, нақты айтқанда мені, осы аппаратпен тасымалдадық. Менің ойымша, келесі қадам осындай ұшқышсыз аппараттарды туристік бағыттарда пайдалану болады», - деді министр.
Журналистердің ұшу әсері туралы сұрағына жауап берген министр аппараттың қауіпсіз екеніне сенім білдірді.
«Жоқ. Біріншіден, бұл сынақтан өткен технология. Ол Қытайда бұрыннан қолданылып келеді, сондықтан оның қауіпсіздігіне қатысты күмән жоқ», - деді Сауранбаев.
Ол ұшу кезінде ойына келген алғашқы сөзді де жасырмады.
«Қазақстан, алға!» деп ойладым. Біз барлық жаңа технологияларда алдыңғы қатарда болуымыз керек. Жаңашылдықты бірінші болып қабылдауға ұмтылуымыз қажет. Себебі болашақ - осы технологияларда», - деді министр.
Министрдің айтуынша, аппарат өте жұмсақ көтеріледі, алайда аздаған діріл мен шу байқалады.
«Өте жұмсақ көтеріледі. Бірақ аздап діріл болады. Маған алдын ала ескерткендіктен, еш алаңдаған жоқпын. Иә, аздап шу болады. Ұшу режиміне байланысты. Аппарат алға қозғалған кезде винттердің жұмысы өзгеріп, сол кезде дыбыс күштірек естіледі», - деді ол.

EHang компаниясының өкілі Дэррен Қазақстандағы бүгінгі көрсетілімді тарихи оқиға деп атады.

«Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болдық. Қазақстандағы алғашқы ашық жолаушылар әуе аппаратының ұшуы және Орталық Азиядағы осындай алғашқы рейс жүзеге асты. Бүгінде EH216-S әлемнің 24 елінде 100 мыңнан астам қауіпсіз ұшуды орындады. Қазақстан осы технология енгізілген 24-ші мемлекет болды. Бұл EH216-S енді болашақтың тұжырымдамасы ғана емес, бүгін қолдануға болатын нақты өнім әрі технология екенін білдіреді», - деді компания өкілі.
Оның айтуынша, Қазақстанның кең аумағы мен туристік әлеуеті ұшқышсыз әуе жүйелерін жолаушылар тасымалы, туризм, құтқару операциялары және медициналық қызмет көрсету сияқты көптеген бағытта пайдалануға мүмкіндік береді.

Allur компаниялар тобының басқарма төрағасы Александр Лаврентьев бұл жобаның тек технология көрсетілімі ғана емес, Қазақстанда жаңа индустрия қалыптастырудың бастамасы екенін айтты.
«Осыдан бір апта бұрын “Болашақ ойындарының” ашылуында бұл ұшу аппараты таныстырылған болатын. Ал бүгін біз осы заманауи технологияның алғашқы ашық көрсетілім ұшуын жүзеге асырдық. Көрсетілім ұшуы - тек технологияны таныстыру емес, жобаны нақты іске асырудың маңызды кезеңі. Алғашқы кезеңде туристік бағыттарды дамыту мен осы аппараттарды пайдалануға қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру жоспарланып отыр. Келесі кезеңде бұл аппараттарды Қазақстанда өндіруді игеріп, күнделікті өмірде кеңінен қолдануға мүмкіндік жасау көзделген», - деді ол.
EHang компаниясы алдағы уақытта Қазақстанның Көлік министрлігі, Allur және QazTehna компанияларымен бірлесіп бұл технологияларды тұрақты пайдалануға енгізуді және қауіпсіз, интеллектуалды әрі экологиялық таза әуе мобильдігін күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруды жоспарлап отыр.
