Қазақстанда үлестік тұрғын үй құрылысына сұраныс артады

Көркем Алдабергенова 03 қыр. 2025 13:48

Үлескерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа шаралар халықтың құрылыс кезеңіндегі тұрғын үйді сатып алуға қызығушылығын арттырады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үлестік құрылыстың артықшылықтары

Жүнісбековтің айтуынша, үлестік тұрғын үй құрылысы тұтынушылар үшін тиімдірек, себебі қаражат құрылыс кезеңінде тартылып, осының арқасында құрылысшылар мен уәкілетті компаниялар шаршы метрді төмен бағамен ұсынады.

"Үлескерлерді қорғау тетіктерін енгізу қаражаттың заңсыз тартылуына жол бермейді және нысандардың аяқталуына, салынған қаражаттың қорғалуына сатып алушылардың сенімін арттырады. Құрылысқа қаржы салған барлық үлескерлер нысандардың аяқталатынына және қаражаттарының сақталатынына сенімді бола алады", – деді ол.

Комитет төрағасы қаржыландырудың ашықтығы мен үлескерлерді қолдау орталығы арқылы қаражат тартуға берілген рұқсаттар мен бастапқы-құқықтық құжаттар туралы ақпараттың қолжетімділігі тұтынушылар сенімін арттырып, алдағы жылдары үлестік тұрғын үйге сұраныстың өсуіне жағдай жасайтынын атап өтті.

Айта кетейік, маусым айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда үлестік тұрғын үй құрылысына қатысты ережелерді қатаңдататын заңға қол қойған еді. Құжат үлестік құрылыстағы заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз етуге, үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Онда салынып жатқан тұрғын үйлерге қатысты алдын ала келісімшарттар жасасуға тыйым салу қарастырылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар