Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу тәртібіне өзгеріс енгізілді. Енді тестілеуге тіркеліп, бірақ емтиханға келе алмаған талапкерлер ҰБТ-ны кейінгі күндердің бірінде тапсыра алады. Мұндай мүмкіндік бос орын болса және дәлелді себеп болған жағдайда беріледі. Тиісті бұйрыққа ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұндай себептер қатарына ауру немесе ауруханаға жатқызылу, жақын туысы қайтыс болуы, республикалық не халықаралық олимпиадалар мен жарыстарға қатысу, сондай-ақ, төтенше жағдайлар жатады. Мұндай жағдайда Ұлттық тестілеу орталығының директорына өтініш жазып, растайтын құжат тапсыру қажет.
Құжатта тестілеуге тіркелу мерзімдері де көрсетілген. Өтінішті онлайн түрде 20-30 желтоқсан, 15-25 ақпан, 10-25 сәуір және 25 шілде-5 тамыз аралығында беруге болады. Тіркелу кезінде талапкер тестілеу орнын, күнін және уақытын өзі таңдайды.
Сонымен қатар, апелляция беру тәртібі де нақтыланды. Тестілеу аяқталған соң экранда жауап нұсқалары мен жиналған ұпай көрсетіледі. Нәтижемен танысуға 10 минут беріледі. Апелляцияға өтінішті тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде тапсыруға болады, ал оның нәтижесі 30 жұмыс күні ішінде жарияланады.
Бұдан бөлек, "Химиялық инженерия және процестер" білім беру бағдарламасына түсу үшін бейінді пәндер комбинациясы өзгерді. Енді талапкерлер химия және физика немесе биология пәндерін тапсырады. Тестілеу құрылымы өзгермейді: талапкерлер Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және екі бейінді пән бойынша тест тапсырады.
