БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитеті (CEDAW) Қазақстанды тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін Қылмыстық кодекске жеке норма енгізуге шақырды. Бұл туралы Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Human Rights Watch мәліметінше, 6 қазанда БҰҰ комитетінде Қазақстанның баяндамасы қаралған. Жиын барысында қазақстандық делегация биліктің тиісті заңнамалық өзгерістерді қабылдауға дайын екенін жеткізген.
Қазіргі уақытта Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа арналған жеке заң жоқ. Бұған дейін қолданыста болған 2009 жылғы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңның күші жойылған. Ал биыл наурыз айынан бастап қолданысқа енген «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі жалпы профилактика жүйесі аясында қарастырылады.
Қазақстан делегациясы БҰҰ комитетіне зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу қағидаты елдегі реформалардың негізгі бағыттарының біріне айналғанын мәлімдеген. Сондай-ақ 2024 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілгенін атап өткен.
Алайда ұйым өкілдері қолданыстағы шаралар жеткіліксіз деп есептейді.
Ұйым Қазақстанды тұрмыстық зорлық-зомбылықты Қылмыстық кодексте жеке қылмыс ретінде бекітуге, сондай-ақ зардап шеккен азаматтарды қорғау тетіктерін күшейтуге шақырды.
Атап айтқанда, құқық қорғаушылар қорғау нұсқамаларының тиімділігін арттыру, кінәлілерді жауапқа тартуды қамтамасыз ету және зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің сот төрелігі мен қажетті көмекке қол жеткізуіне жағдай жасау қажет екенін атап өтті.