Қазақстанда жұмыс күші құрамындағы азаматтар саны 9,8 миллион адамға жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 103 мыңнан астам адамға артқан. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомство дерегінше, елдегі жұмыспен қамтылғандар саны 9,3 миллион адамға дейін көбейген. Оның ішінде толық әлеуметтік пакетпен жұмыс істейтін жалдамалы қызметкерлер саны айтарлықтай өсіп, 7,2 миллион адамға жеткен. Бір жыл ішінде мұндай қызметкерлер қатары шамамен 150 мың адамға артқан.
Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі азайып келеді. Министрлік бұл үрдісті азаматтардың бейресми жұмыстан ресми еңбек нарығына ауысып жатқанымен байланыстырады. Яғни, қазақстандықтар әлеуметтік кепілдіктері бар тұрақты жұмыс орындарын көбірек таңдауда.
Биылғы жылдың басынан бері мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 388 512 адам жұмыспен қамтылған. Олардың 298 904-і тұрақты жұмыс орындарына орналасқан.
Сарапшылардың пікірінше, ресми жұмыспен қамтудың артуы еңбек нарығының тұрақтылығын күшейтіп, азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді.