Су ресурстары және ирригация министрлігі, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) және Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) «Қазақстандағы тұрақты ирригация үшін бизнес экожүйені дамыту» жобасы бойынша үшжақты келісімге қол қойды. Жобаны іске асыруға ЕАДБ 5,3 млн доллар көлемінде грант бөледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қаржылық келісімге Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа және ЕАДБ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Даленов қол қойды.
Бұл жоба бірнеше жылға жоспарланған. Оның аясында Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін құру, су болжамы және тиімді бөлу құралдарын енгізу, заманауи ирригацияның өңірлік орталықтарын қалыптастыру, мамандардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу көзделген.

«Бұл бастама Қазақстанның ирригация жүйесін дамытуға және суды тиімді пайдалануды арттыруға бағытталған. Біздің бұл жобаға қатысуымыз су шаруашылығын жаңғырту және климаттық өзгерістерге бейімделу жөніндегі стратегиялық мақсаттарымызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз еліміздің су саласына инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Алайда барлық стратегиялық шешім тек Қазақстанда қабылданады және солай қала береді де. Сондай-ақ су ресурстары мен нысандарын шет мемлекеттердің қолданысына беру мәселесі ешқашан қаралған емес. Басты мақсатымыз – азаматтарымыздың мүддесін қорғау, еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін су секторын жаңғырту», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
