Қоғамда қызу талқыланған сұрақтың тұшымды жауабын Қасым Аманжолдың Азаттықтағы «Еркін сөз» бағдарламасында ақын Алмас Ахметбек пен саясаттанушы Расул Жұмалы анық жеткізді. Расул Жұмалы шеттегі 5 миллион қазақ үшін қазаққа, көші-қонға шынайы жаны ашитын азаматтардың Парламентте болу керектігін, ондай көші-қон мәселесін шешетін адам шеттен келген-келмегені маңызды емес екенін, қайда туылса да қазаққа шынайы жаны ашитын азамат болуы керектігін, көші-қон мәселесі – «оралмандардың» ғана мәселесі емес екендігін, бүкіл қазаққа ортақ мәселе екенін айтты. Сонымен бірге, 24 жылдан бергі келген қандастар арасында ұлттық мәселелерді көтеріп жүрген, қарым- қабілеті бар, депутат болуға лайықты азаматтардың бар екенін, олар Парламентке барып жатса, тек қана көші-қон мәселесін көтермейтіндігін, ұлттық мәселелердің бәрінде үнсіз қалмайтындығын жеткізді. Ал, Алмас Ахметбек мырза «қандастардан депутат шықсын деген ұсыныстар ешқандай арнайы жеңілдік сұрау еместігін, партиялар тізімінен сайлауға түсуге мүмкіндіктер берілсе» деген тілектермен партия басшыларына ескерту екенін айтып өтті.
Арада бірер күн өткеннен кейін «Нұр Отан» партиясы үміткерлерінің тізімі шықты. Ол тізімнен біз үміттеніп жүрген азаматтар табылмай, 127 үміткерлердің ішінен шеттен келген бірде-бір қазақ көрінбеді. Кезекті қалған партиялардан күттік. Алғашқы болып ЖСДП үміткерлерінің ішінен кәсіпкер, саясаткер Рахым Айып деген азамат табылса, «Ауыл» партиясы үміткерлерінің ішінде шетелден келген бір кәсіпкер әйел болды. 3-ақпан күні «Ақ жол» партиясы үміткерлерінің тізімі шықты. «Нұр Отаннан» кейінгі орында тұрған «Ақ жол» партиясының құрамынан да шеттен келген ағайын орын алды. Шеттен келген болғанда, жай бір қазақтың бірі емес, атасы Алаш қайраткерінің бірі болған, өзі Алаш әдебиетін зерттеп жүрген жас ғалымның бірі еді. Ол – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, көрнекті әдебиет зерттеушісі, Алаш қозғалысының белді мүшесі Қошке Кемеңгердің немересі Қайырбек Кемеңгер деген азамат.
ЖСДП атынан үміткер болып отырған Рахым Айып ағамыз ғана емес, ұлттың нағыз жанашырлары Ермұрат Бапи, Зәуреш Батталова, Құрманғазы Рахметов сияқты азаматтар Парламентке өтіп жатса, бір үлкен жеңіспен бірдей еді. Бірақ, бұл құрамды Парламентке өткізе қою өте қиын.
Ендігі үміт «Ақ жолда» еді. Үміткер Қайырбек Кемеңгердің (басты беттегі суретте)өз сөзі бойынша айтқандай:
«Мерейім өсіп мерейіңменен,
Атажұрт саған келейін деп ем,
Бәрін де сосын көрейін деп ем,
Қазақстанда тумасам дағы,
Қазақстанда өлейін деп ем», – деп келіп, қазақтың ғылымы мен оқу саласында өз үлесін қосып жүрген, бүгінгі қазақ болмысына Алаш ұстаны тұрғысынан қарайтын, қайда жүрсе де ұлт пен Тәуелсіздік мұратын биік қоятын азат елдің азат азаматы Парламентке барып, Қазақ Елінің ертеңі үшін саяси іске араласып, ұлттың сөзін сөйлемеске не? Мұндай ұстаным мен жолдағы азаматтар тек Қайырбек Кемеңгер ғана емес. Ел ертеңіне еңбек етуге қабілеті жететін түрлі саланың білікті маманы ретінде танылған қандастарымыз бар. Бірақ, олардың бәрі ешбір партия үміткерлерінің ішінде болмады. Әлемдегі 17 миллион қазақтың бірі ретінде, Отанын аңсап жеткен азаматтың біріне ел саясатына араласуға мүмкіндік берген «Ақ жол» партиясына рақметімді айтып, Қайырбек Кемеңгер мырзаның үміткер ғана болып қалмай, Парламенттің жаңа құрамындағы белсенді депутаттың бірі болуына тілектестігімді білдіремін.
«Ақ жол» партиясында ұлттық тұрғыда ойлап, ұлттық мәселелерді көтеріп жүрген азаматтар аз еместігін осыған дейін де айтқан едім. Енді партия жетекшілеріне айтар өтінішім мен ескертуім де бар. Сайлауда дауыс жинап, Парламенттің жаңа құрамынан он орын бұйырса да, тіпті бес-ақ орын бұйырып жатса да, оның 3 орны «Ақ жолдың» атынан шығып, қалың қазақтың ықыласына бөленіп жүрген Қазбек Иса мен жаста болса, ұлттың жүгін көтеруге дайын Мақсат Жақау, «Жан емес маған керегі, көк тудың желбірегені» деген азаматтың бірі Қайырбек Кемеңгер сынды азаматтарға берілмесе, «Ақ жолдың» Алашшылдығы мен қазақшылдығына күмән келтіруге тура келеді. «Ақ жол» – кәсіпкерлердің ғана құқығын қорғамай, айбынды Алашты ту етіп, бар қазақтың құқын қорғауы керек.
Тұрдыбек Құрметхан