Қазақстанда «Тұлпар күні» пайда болуы мүмкін

Көркем Алдабергенова 24 мау. 2025 11:00

Қазақстанда жылқыға арналған жаңа мереке - «Тұлпар күнін» белгілеу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Үкімет Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мамыр айының соңында AMANAT, «Ақ жол» және ОСДП партияларынан бірнеше депутат Премьер-министр Олжас Бектеновке елімізде жылқы шаруашылығын дамыту туралы депутаттық сауал жолдаған еді. Онда халық қалаулылары кадр тапшылығын, инфрақұрылымның (әсіресе, ат шабатын ипподромдардың) тозуын және өзге де мәселелерді көтерген.

Сонымен қатар депутаттар түркі мифологиясындағы қанатты тұлпардың құрметіне арналған «Тұлпар күнін» енгізуді ұсынды.

«Қазақ халқының тарихындағы жылқының рөлін символикалық деңгейде мойындау - уақыт талабы. Көптеген елде жылқыға арналған ұлттық күндер бар», - делінген сауалда.

Олжас Бектенов қол қойған ресми жауапта Қазақстанда жылқы басының өсіп жатқаны, қымыз бен жылқы етін өндіру көлемі артқаны айтылған. Сондай-ақ жылқы шаруашылығы саласының мамандары екі жоғары оқу орнында дайындалатыны, Ақтөбе облысында Коневодтық ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейтіні атап өтілген.

Ал «Тұлпар күніне» қатысты Премьер-министр маусым айының екінші жексенбісі - Қазақстанда малшылар күні ретінде аталып өтетінін, ал 11 шілде - БҰҰ-ға мүше елдерде Дүниежүзілік жылқы күні ретінде танылғанын еске салды.

«Осыған байланысты „Тұлпар күні“ атты арнайы ұлттық мереке бекіту мәселесі қосымша қаралатын болады», - делінген Үкіметтің жауабында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар