Қазақстанда Toyota Alphard көліктерін шектеу ұсынылды

Сағыныш Сардарова 24 қыр. 2025 18:00

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жол апаттарына қатысты қорқынышты статистиканы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Деректерге көз жүгіртсек, Қазақстанда 2025 жылдың бірінші жартысында 15 698  жол апаты болған.  Бұл былтырмен салыстырғанда 54 пайызға көп. Жол апатында 22 346 адам зардап шегіп, 1 466  адам қаза тапқан.

"Тек бір айдың ішінде Қазақстанда ірі жол апаттары болып, 25 адамның өмірі қиылған. Маңғыстау облысында жол апатынан 10 адам, Жетісу облысында 10 адам, Қарағанды облысында 5 адам қаза тапқан. Яғни бейбіт күнде қаншама отбасы қайғы жұтып, қара жамылып қалды. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай!" - деді ол.

Жыл басынан бері Қарағанды облысының тасжолдарында 49 адам қаза тапса, соның үштен бірі такси қызметін пайдаланған азаматтар екен.

"Такси жүргізушілердің көпшілігі – жас жеткіншектер. Олар күні-түні  демалмай, үш-төрт рет қалааралық рейс жасап, жолаушылар тасымалдайды. Түні бойы денені сергітетін сусын ішіп, оның әсері біткеннен кейін лезде ұйықтап кетеді. Соның салдарынан жол апаты болады. 

Бұдан бөлек қалааралық тасымалдауда көбінесе оң жақ рульді Toyota Alphard көліктері қолданыста. Бұл алдындағы көліктен басып озу барысында қарсы жолақта келе жатқан көлікті көруге кедергі жасап, жиі жол апатына ұшыратып жатыр. Мұны да шектейтін уақыт жетті", - деді депутат. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар