Қазақстанда тіс дәрігерлерінің табысы 1,5 есеге өсті

Қаракөз Амантай 05 нау. 2025 18:09 537

2024 жылы көрсетілген тіс дәрігерлері қызметтерінің көлемі 209,9 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп, әрі соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“2024 жылы стоматологиялық қызметтер көлемі 209,9 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш бұрын-соңды болмаған рекорд қойып, кемінде бес жылдағы ең жоғары деңгейге жетті”, – делінген Бірінші несие бюро хабарламасында.

Бюро мәліметінше, 2021 және 2022 жылдары стоматологиялық клиникалар табысы жыл сайын екі есеге жуық өсіп отырды. Соңғы төрт жылда бұл салада қарқынды өсім байқалса, 2023 жылы біршама төмендеу тіркелген.

"2024 жылы стоматологиялық қызметтер көлемінің күрт өсуі зейнетақы жинақтарын шешіп алуға шектеу қою және жұмыс істейтін зейнеткерлерге бюджеттен төлемдерді тоқтату туралы ұсыныстар аясында байқалды. Бұл бастамалар қабылданған жоқ, бірақ зейнетақы қорынан қаражат алуға қатысты үрей қазақстандықтарды алаңдатқаны анық", – деп атап өтті бюро өкілдері.

Қазақстанда стоматологиялық қызметтердің 80%-ы халықтың жеке қаражаты есебінен төленеді. Саладағы табыстың артуына бағаның көтерілуі де ықпал етті. 2021–2024 жылдары стоматологиялық қызметтердің құны жылына орта есеппен 11,5%-ға қымбаттап, 2022 жылы ең жоғары өсім – 18,3% тіркелді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар