Қазақстанда 2025 жылдан бастап ұялы телефонды верификациялау (тексеру) тәртібі енгізілді. Бұл талап құрылғы Қазақстанда заңды түрде өндірілгенін немесе елге ресми әкелінгенін растауға бағытталған, деп хабарлайды dalanews.kz.
2026 жылғы 19 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телекоммуникация нарығын дамытуға қатысты заңға қол қойды. Жаңа нормалар интернет және телефон алаяқтығына қарсы күресті күшейтіп, тұтынушылардың құқығын қорғауды көздейді.
Заңға сәйкес верификациядан өтпеген ұялы телефондар талапқа сай емес тауар деп танылады. Мұндай құрылғыны сатып алған азамат сатушыдан ақшасын қайтаруды, телефонды ауыстыруды, бағасын төмендетуді немесе ақауды тегін жөндеуді талап ете алады. Бұл талап тек сатушыға қойылады.
Енді сатушылар телефонды сатар алдында оның верификация мәртебесін тексеруге және сатып алушыға құрылғының сәйкестендіру кодын (IMEI) ұсынуға міндетті.
Сондай-ақ, верификациядан өтпеген телефондарды сатуға тыйым салынады. Бұл талап интернет-дүкендер мен маркетплейстерге де қатысты. Олар да сатушылардың құрылғыны алдын ала тексеруін қамтамасыз етуге тиіс.
Бұдан бөлек, сатушылар сатып алу туралы құжатта немесе чекте сатылған телефонның сәйкестендіру кодын көрсетуге міндеттеледі.
Заң 20 маусымда ресми жарияланды және жарияланған күннен бастап 60 күн өткен соң күшіне енеді.