Алматыда бұрын Рус православ шіркеуінде қызмет еткен Иаков Воронцов қайтадан қамауға алынды, деп хабарлайды Dala News.
Оның адвокаты Ғалым Нұрпейісовтің мәліметінше, Воронцовқа Қылмыстық кодекстің 302-бабы («Есірткі құралдарын тұтыну үшін притон ұйымдастыру немесе ұстау») және 296-бабы («Өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарымен заңсыз айналысу») бойынша айып тағылып отыр.
23 ақпанда оның әкімшілік қамау мерзімі аяқталғанымен, бостандыққа шықпаған. Таңертең ол 72 сағатқа қайта ұсталып, бұл жолы қылмыстық іс аясында күдікті ретінде танылған. Үш тәулік ішінде оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалуы тиіс.
Бұған дейін Алматы қалалық полиция департаменті есірткі құралдарын тұтыну үшін притон ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған.
Әкімшілік қамауда отырған кезінде Воронцов адвокаты арқылы хат жариялап, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. Ол жағдайды Қазақстанда Рус православ шіркеуінен бөлек тәуелсіз православ шіркеуін құру әрекетімен байланыстыратынын мәлімдеген.
Осыған дейін оған «экстремизм» бабы бойынша қозғалған іс тоқтатылғаны айтылған. Сондай-ақ 12 ақпанда ол Алматы қалалық әділет департаментіне қарсы діни бірлестікті мемлекеттік тіркеуден бас тарту шешімін заңсыз деп тану туралы талап арыз берген.
Иаков Воронцов қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелер бойынша ашық сыни пікірлерімен танымал. 2023 жылғы 19 маусымда ол дін қызметін тоқтататынын жариялаған.
