Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов қазақстандық блогерлердің салық салуына қатысты жаңа мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Біржановтың айтуынша, Қазақстанда 50-ден астам блогер салық төлеген.
“Бүгінгі таңда 50-ден астам блогер 2,5 миллиард теңгеден астам кірісін көрсетіп, олар бойынша салық төленді”, – деді Біржанов Мәжіліс кулуарында.
Вице-министр нақты ақпаратты айдың соңына дейін жариялауға уәде берді.
“Әлі уақыт бар. 30 жұмыс күні берілді. Наурыздың соңына дейін салыстырып, мәліметтерді ұсынамыз”, – деп толықтырды Біржанов.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық 8 блогер өз еркімен 1 млрд теңгеден астам табысын декларациялаған болатын.
Кірістер комитетінің мәліметінше, аталған блогерлердің бюджетке төлеген жалпы салығы 70 миллион теңгеден асады. Дегенмен салық органдары олардың аты-жөнін жария етпейтінін және жеке деректерді таратпайтынын мәлімдеді.
Бұл ретте Ішкі істер министрлігі (ІІМ) әлеуметтік желіде тараған блогерлер тізімінің рас-өтірігіне қатысты өз ұстанымын білдірді.
ІІМ мәліметінше, борышкер блогерлер туралы ақпараттың таралу дерегі тіркеліп, іс Астана қаласының полиция департаментіне жіберілген.
"Әлеуметтік желілерде блогерлер туралы деректері бар тізімді тарату фактісі Ішкі істер министрлігінің ақпаратты есепке алу кітабына тіркелді. Материалды қарау барысында бұл тізімнің шынайылығы тексеріледі", – делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін салық төлемей келген блогергерге қатысты ақпарат тараған еді. Қазақстандық блогерлерге қатысты салықтық тексерулердің не себепті басталғанын Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) түсіндірді.МКК жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынованың TengriTV YouTube арнасына берген сұхбатында айтуынша, салық органдарына қазақстандықтардан бірнеше шағым түскен.