Қазақстанда сотталған әйелдерге амнистия жариялануы мүмкін – ІІМ пікір білдірді

Қаракөз Амантай 17 ақп. 2025 12:35 1037

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі сотталған әйелдерге амнистия қолдану мәселесін қарастырып, бұл бастаманы қолдайтынын мәлімдеді. Ведомствоның айтуынша, 2 мыңнан астам әйелдің бостандыққа шығуы бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге көмектеседі, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

2 мыңнан астам әйел босатылуы мүмкін

"ҚР Ішкі істер министрлігі депутаттық сауалға жауап ретінде сотталған әйелдерге амнистия қолдану туралы ұсынысты тұжырымдамалық тұрғыда қолдайды. Егер рақымшылық жасалса, 2 мыңнан астам сотталған әйелдің босатылуы мемлекетке күніне 5,8 млн теңгеге дейін үнем әкеледі (бір сотталғанға кететін күнделікті шығын – 2,9 мың теңге, жылдық есеппен – 2,1 млрд теңге)", – делінген Ішкі істер министрі Ералы Саденовтің депутат Қарақат Әбденнің сауалына берген ресми жауабында.

ІІМ деректеріне сәйкес, қазіргі таңда Қазақстанда 6 399 әйел қылмыстық жаза мерзімін өтеп жатыр. Оның 2 692-сі түрмеде отырса, 3 707-сі пробациялық бақылауда.

Егер амнистия қабылданса:

  • Жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған 1 220 әйелтолық босатылуы мүмкін.
  • Зорлық-зомбылықпен байланысты емес қылмыс үшін сотталған 2 002 әйелдің1 766-сы алғаш рет заң бұзған, ал 150-і жеңіл және орташа қылмыс жасаған.
  • Ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 5 055 әйелдің жаза мерзімі қысқаруы ықтимал.

Әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аударылады

ІІМ сотталған әйелдердің әлеуметтік жағдайын ескеруді де ұсынды. Олардың арасында:

  • 29 әйел– мүгедектігі бар;
  • 243 әйел– 60 жастан асқан;
  • 13 әйел– жүкті;
  • 58 әйелдің– кәмелетке толмаған балалары бар;
  • 226 әйел– көпбалалы ана.

Министр Саденов 3 910 сотталған әйелдің өтелмеген қарызы барын атап өтіп, олардың бас бостандығынан айыру жазасын жеңіл жаза түріне ауыстыру мүмкіндігін қарастыру қажеттігін жеткізді.

Құқық қорғау балансы сақталуы тиіс

ІІМ Конституцияға сәйкес, заң алдында барлық азаматтың тең екенін және амнистияны қолдану кезінде жәбірленушілердің құқығы да ескерілуі керегін баса айтты. Сонымен қатар ведомство мұндай рақымшылықтың белгілі бір тәуекелдерге алып келуі мүмкін екенін ескертіп, оның ішінде жәбірленушілердің қарсылығы мен амнистияға іліккендердің қайта қылмысқа бару қаупін атап өтті.

"Ешкім жынысына байланысты қандай да бір кемсітушілікке ұшырамауы тиіс. Әлеуметтік осал топқа жататын сотталған ерлердің саны 920 адамды құрайды. Олардың қатарында І және ІІ топтағы мүгедектер, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған әкелер, зейнеткерлер және толық емес отбасылардың мүшелері бар", – деп түйіндеді министр.

Бұл ұсыныс қоғамда қызу талқыланып, әлеуметтік әділеттілік пен адамгершілік қағидаттарын сақтауға бағытталған маңызды қадам болмақ. Егер амнистия қабылданса, көптеген әйелдер жаңа өмір бастауға мүмкіндік алатыны сөзсіз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар