Қазақстанда шетелдік БАҚ өкілдерін аккредиттеу тәртібі өзгеруі мүмкін

Қазақстанда шетелдік БАҚ өкілдерін аккредиттеу тәртібі өзгеруі мүмкін
Фото: ЖИ

Қазақстанда шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен журналистерін аккредиттеу қағидалары қайта қаралмақ. Сыртқы істер министрлігі тиісті бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құжаттың сипаттамасында ұсынылған өзгерістер халықаралық тәжірибе мен ақпараттық өзара іс-қимылды ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін ескере отырып дайындалғаны көрсетілген.

"Жобаның мақсаты – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жанындағы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін аккредиттеу тәртібін жетілдіру. Ұсынылып отырған өзгерістер ұйымдастырушылық сипатқа ие және қолданыстағы рәсімдерді ретке келтіруге бағытталған. Сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби дербестігі сақталып, аккредиттеуден өтудің түсінікті әрі ашық шарттары қамтамасыз етіледі", – делінген жоба сипаттамасында.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, құжат қабылданған жағдайда құқықтық, әлеуметтік немесе экономикалық тұрғыдан теріс салдар туындамайды. Сондай-ақ жаңа талаптар елдің ұлттық қауіпсіздігіне кері әсер етпейді деп болжанып отыр.

Әзірге аккредиттеу рәсімдеріне нақты қандай өзгерістер енгізілетіні егжей-тегжейлі хабарланған жоқ.