"Қазақстанда саяси тұтқын болмасын!" - белсенді Рысбек Сәрсенбай Тоқаевқа үндеу жолдады

Сағыныш Сардарова 13 нау. 2024 11:14 6748

Алматыда белсенділер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, баспасөз мәслихатын өткізді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жиынға Рысбек Сәрсенбайұлы, Маржан Аспандиярова, Айнара Айдарханова, Жалғас Сапарханова және Думан Мұхаммедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов қатысқан.

Баспасөз жиыны алғашында 9 наурызға жоспарланған. Белсенді, журналист Рысбек Сәрсенбайдың айтуынша, оның өткізілмеуіне төтенше жағдай себеп болған.

"Төтенше жағдайды туындатқан - полиция департаментінің қызметкерлері. Олар мені ұстап, жолда күш көрсетіп, Талғарға алып барып, денсаулық жағдайыма қауіп төндірген. Сондай себептермен кедергі жасап, өткізбей тастады", - деді белсенді.

Ал кеше жоспарлы жиын өтті. Рысбек Сәрсенбайұлы мен Маржан Аспандиярова Қазақстандағы саяси тұтқындар бойынша Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. 

"Ешбір өзгерместен, одан әрі кері кеткен Назарбаевтық билік жүйесі мыңдаған адамды бақытсыздыққа ұшыратты. Солардың қатарында жүргендіктен, айналамыздағы әділетсіздіктерден түңілген соң осы үндеу хатты жолдап отырмыз. ...Ақиқатты ашық айтқандар биліктің жауы атанып, 37-жылдардағыдай қуғын-сүргінге түсті. Солардың бірнешеуіне тоқталып, айта кетейік: Әйгерім Тілеужанова, Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев (т.б.) негізсіз қылмыстық жауапкершілікке тартылып, әрқайсы 8 жылға сотталды.

...Президент мырза, өз халқыңызды жау санамаңыз, асырау сілтеуге жол бермеңіз. Белсенділерді аңду, соттау тоқтатылсын! Қазақстанда саяси тұтқындар болмасын!" - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар