Қазақстанда салық есебін тапсырмағандарға салынатын айыппұлдар алынып тасталады

Көркем Алдабергенова 23 жел. 2025 11:18

Қазақстанда салық есебін уақтылы тапсырмағаны үшін айыппұл салу тәжірибесінен бас тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы салықтық әкімшілендіруді жеңілдету жөніндегі алдағы шаралар жайында айта отырып, қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкімет отырысы барысында министр салық декларациясы белгіленген мерзімде тапсырылмаған жағдайда, ол нөлдік көрсеткіштермен тапсырылды деп есептелетінін атап өтті. Сонымен қатар салық төлеушінің қосымша есептілік тапсырып, деректерді дұрыс нақтылау құқығы сақталады.

«Формалар азаяды, салық есептілігі де қысқарады. Біз салық есептілігін жүйелі түрде оңтайландырып келеміз. Салық есептілігі нысандарының саны жыл сайын азайып жатыр. Мысалы, 2009 жылдан бері 70-тен 28-ге дейін қысқарды, яғни 60 пайызға азайды. (…) Егер декларация тапсырылмаса, ол нөлдік көрсеткіштермен тапсырылды деп есептеледі, бұл ретте қосымша есептілік тапсырып, деректерді нақтылау құқығы сақталады», - деді Мәди Такиев.

Қосымша жаңашылдықтар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Міндеттемелерінің сомасы 1 млн теңгеден аспайтын салық төлеушілер үшін мүлік, көлік және жер салықтары бойынша ағымдағы төлемдердің тоқсан сайынғы есептеулері алынып тасталады.

Оның орнына кәсіпкерлер:

– жыл қорытындысы бойынша бір ғана декларация тапсырады;
– салықтарды жыл соңында төлейді, тоқсан сайынғы есептілік болмайды.

Салық қарызын өндірудің жаңа тәртібі

Министр сондай-ақ салық берешегін мәжбүрлеп өндіру тәсілдері қайта қаралатынын айтты. Мақсат – шаралардың шамадан тыс болмауын қамтамасыз ету және аз сомалар үшін микро және шағын бизнеске қысым көрсетпеу.

Негізгі өзгеріс – әрекет ету басталатын шектердің ұлғаюы. Енді берешек болған жағдайда:

– 87 мың теңгеге дейін (20 АЕК) – тек хабарлама жіберіледі, өсімпұл есептеледі, өзге шаралар қолданылмайды;
– 87 мыңнан 195 мың теңгеге дейін (20–45 АЕК) – ескерту жолданады; қарыз өтелмеген жағдайда шығыс операциялары берешек сомасы шегінде тоқтатылады, кейін инкассалық өкімдер қойылуы мүмкін;
– 195 мың теңгеден жоғары (45 АЕК) – қатаң шаралар қолданылады, оның ішінде мүлікті түгендеу және сату, сондай-ақ дебиторлар есебінен өндіріп алу көзделген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар