Қазақстанда қой еті соңғы бір жылда айтарлықтай қымбаттады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде қой етінің бағасы 29%-ға өсіп, бір тоннасының құны 1,3 млн теңгеге жеткен. Бұл ретте Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктеріне халал ет экспортын да көбейтіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың наурызында елдегі қой мен ешкі саны 23,17 млн басты құраған. Ал 1975 жылдың соңында бұл көрсеткіш 34,6 млн болған. Кеңес дәуірінде Қазақстан қой шаруашылығы жақсы дамыған ірі республикалардың бірі саналды. Тіпті мал басын 50 млн-ға дейін жеткізу жоспары да болғанымен, бұл мақсат орындалмаған.
Ресми деректерге сәйкес, 2001 жылы бір тонна қой еті 88,3 мың теңге тұрса, қазір оның бағасы 1,3 млн теңгеге жеткен. Осылайша, 25 жыл ішінде құны 14 еседен астам өскен. 2026 жылдың наурызындағы есеп бойынша тірі қойдың орташа бағасы 86,3 мың теңгені құрады. Ең жоғары баға Жамбыл облысында тіркелген — бір қойдың құны 112 мың теңгеден асады. Ал Батыс Қазақстан облысында шамамен 63,5 мың теңге деңгейінде.
Сарапшылардың айтуынша, бір қойды күтіп-бағуға ай сайын орта есеппен 9 мың теңге жұмсалады. Соның салдарынан бір жылдық шығын 100 мың теңгеден асады. Ал 400 басқа арналған шаруашылықтың өзін-өзі ақтау мерзімі үш жылдан да көп болуы мүмкін.
Қазақстан соңғы жылдары БАӘ-ге қой етін белсенді экспорттай бастады. Қазір Әмірліктерге апта сайын шамамен 7 тонна салқындатылған қой еті жөнелтіледі. Болашақта бұл көлемді 10 тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның БАӘ-ге экспорты 132,9 млн доллар болған. Оның шамамен 55%-ын қой еті құрайды. Сарапшылар Парсы шығанағы елдерінде халал етке сұраныс тұрақты түрде жоғары екенін айтады.
Тәуелсіз сарапшы Ерлан Каримовтың пікірінше, қой етінің қымбаттауына жем-шөп, жанармай және логистика бағасының өсуі әсер еткен. Сонымен қатар ішкі нарықтағы делдалдардың көптігі мен маусымдық сұраныс та бағаның көтерілуіне себеп болып отыр.
Оның айтуынша, экспорт көбіне көтерме және ұзақмерзімді келісімшарттар арқылы жүзеге асады. Сондықтан сыртқы нарықтағы баға кей жағдайда ішкі бөлшек саудадан төмен болуы мүмкін. Бұған қоса, қазақстандық өндірушілер Австралия, Үндістан және Пәкістан сияқты елдермен бәсекеге түсіп жатыр.
Сарапшы бағаны тұрақтандыру үшін экспортқа уақытша шектеу енгізу, жем-шөпті субсидиялау, өңірлік бордақылау орталықтарын ашу және қой шаруашылығына жеңілдетілген несие беру қажет деп есептейді.