Аса ірі мөлшердегі заңсыз есірткі айналымы: бұрынғы дін қызметшісіне қатысты сот басталды

Аса ірі мөлшердегі заңсыз есірткі айналымы: бұрынғы дін қызметшісіне қатысты сот басталды
ашық дереккөз

Бүгін бұрынғы дін қызметшісі Иаков Воронцовқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оған өткізу мақсатынсыз аса ірі мөлшердегіесірткінің заңсыз айналымына қатысты айып тағылып отыр (ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі).

Процеске дайындық барысында прокуратура бастапқы айыптау актісін қайта қарады. Алғашында И.Воронцовқа тыйым салынған заттарды сақтаумен қатар, есірткі ордасын ұстады деген де айып тағылған болатын (ҚР ҚК-нің 302-бабы 1-бөлігі). Алайда қадағалау органы бұл айыпты алып тастады – тергеу барысында есірткіні бірлесіп тұтынуға үй-жайды ұсынудың бір ғана фактісі анықталған. Ал мұндай әрекетті тиісті бап бойынша саралау үшін оның жүйелі түрде жүзеге асырылуы талап етіледі.

Осылайша, жаңа айыптау актісінде Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігі ғана көрсетілген. Аталған норма өткізу мақсатынсыз есірткіні, психотроптық заттарды немесе олардың баламаларын аса ірі мөлшерде заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау және тасымалдау әрекеттерін қамтиды. Тергеу нұсқасы бойынша, жиналған материалдар айыпталушының осы бап бойынша кінәсін толық көлемде дәлелдейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін желіде резонанс тудырған видео тараған болатын. Бейнематериалда болжам бойынша Иаков Воронцов есірткіге ұқсас өсімдік тектес затты дайындап, тұтынып отырғаны көруге болады.

Алғашқы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы істі жабық режимде қарау туралы өтінішхат берген. Мұндай қажеттілік аталған іс бойынша мемлекеттік қорғау шаралары қолданылған куәгерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты туындап отыр.