Қазақстанда қарасораны өсіріп, өңдеуге заң жүзінде рұқсат берілді

Көркем Алдабергенова 17 сәу. 2025 09:28 756

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы қарасораны өсіріп, өңдеуге заңды түрде рұқсат берілетінін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жарқынбек Амантайұлының сөзінше, елімізде қарасораның белгілі бір сортын өсіруге рұқсат бұрыннан бар. 

"Қарасора деген кезде бәріміз есірткіні есімізге аламыз. Негізінен оның арнайы сорттары бар. Ол өндірістік өнеркәсіптік бағытта қолданылатын сорттар. Елімізде төмен пайызда қарасора өнімдерін өсіруге рұқсат бар. Елімізде француздық сорт өндіріледі. Бірақ ол сапасы төмен өнім болып саналады екен", дейді депутат. 

Ал сапалы өнімді шығару үшін есірткі деңгейін 0,3 пайызға көтеру қажеттілік болып отыр. 

"Есірткілік құрамын 0,3 пайызға көтеру қажет. Дәл осы тәжірибені Ресей, Өзбекстан секілді елдер пайдаланып, 0,3 пайызбен өнімдер өндіріп отыр. Мұнда бір ғана өнім емес, жіп, арқан, дәке секілді өнімдер жайлы әңгіме. Бірақ басқа да өнім түрлерімен тізімді кеңейтуге болады", дейді депутат. 

Оның сөзінше, бұл тәжірибені ұтымды пайдаланып отырған елдер бар. 

"Мұнда мәселе мынада: тек атауына қарап мұны есірткі деп қарамау керек. Себебі жабайы өсетін анаша қарасоралар кемі 15 пайыздан жоғары көрсеткішке ие. Ал мұнда 0,3 пайыз. Ол есірткі ретінде қолдануға келмейтін деңгей. Сондықтан қауіпті деп үрейленудің қажеті жоқ", дейді мәжіліс депутаты. 

Жарқынбек Амантайұлының сөзінше, бұл жағдай ішкі істер министрлігінің бақылауында болады. 

"Мен талаптарын сұрап білдім. Ол жердің қоршауы темірмен қоршалған, қоймалардың талаптары да ерекше болады. Оны лицензияланған күзет қызметі күзетеді. Олардың саны, талапқа сай келуі ІІМ тарапынан ұдайы қадағаланады. Әскери база сияқты қатаң күзететін аймақ болады. Екіншіден, қарасораны өсірудің негізгі аймақтары ретінде СҚО, Түркістан, Қызылорда облыстары қарастырылып отыр екен. Инвесторлар да бұл өнімді өсіріп, пайда табуға мүдделі болып отыр", деп түсіндірді депутат.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар