Қазақстанда қандай мамандық иелеріне сұраныс артқан? Ресми дерек жарияланды

Қаракөз Амантай 06 қаз. 2025 15:30

Қазақстанда жұмыс берушілер ең көп іздейтін мамандар сату және клиенттерге қызмет көрсету бағытында тіркелді. HeadHunter.kz платформасының дерегіне сәйкес, шілде-қыркүйек айлары аралығында елімізде 145 мыңнан астам белсенді вакансия жарияланған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Белсенділіктің аздап төмендеуіне қарамастан, ел бойынша ұсыныстар көлемі жоғары деңгейде сақталып отыр. Ең көп бос жұмыс орны дәстүрлі түрде Алматы қаласына тиесілі — 40,1%, бірақ бұл былтырғымен салыстырғанда 3,8%-ға аз. Екінші орында — Астана (22,1%), мұнда керісінше өсім байқалған (+2,3%). Үшінші орында Қарағанды қаласы (5,2%), мұнда жұмыс берушілердің белсенділігі аздап төмендеген (-1,6%).

Бұл үш қала елдегі негізгі іскерлік орталықтар болып қалып отыр. Дегенмен бірқатар өңірде оң өзгеріс байқалады:

• Шымкент – 4,7% (+4,1%);

• Қостанай – 3,2% (+5,4%);

• Петропавл – 1,5% (+7,7%);

• Көкшетау – 1,4% (+11,3%);

• Тараз – 1,1% (+3,4%).

Ал керісінше, кейбір қалаларда жұмыс ұсыныстары азайған:

Ақтөбе (-10,6%), Атырау (-8,1%), Ақтау (-8,5%) және Орал (-7,5%).

Сарапшылар бұл құбылысты маусымдық жұмыстардың аяқталуымен және мұнай-газ, құрылыс сияқты ресурстық салалардағы белсенділіктің төмендеуімен байланыстырады.

Ең сұранысқа ие салалар:

• Сату және клиенттерге қызмет көрсету – жалпы вакансияның 12,2%-ын құрады. Бұл бағыт көш басында тұрғанымен, өткен жылмен салыстырғанда 5,4%-ға төмендеген.

• Маркетинг, жарнама және PR – 7,8% (-0,4%);

• Жұмысшы кадрлар – 7,7% (+1,6%).

Тұрақты өсім байқалған салалар:

• Өндіріс пен сервис – 5,3% (+5,9%);

• Құрылыс және жылжымайтын мүлік – 5,6% (+2,8%);

• Туризм, қонақүйлер және мейрамхана бизнесі – 4,8% (+4,2%);

• Қаржы және бухгалтерия – 4,8% (+2,5%).

Айрықша өсім ақпараттық технологиялар саласында байқалды — 9%. Сарапшылар мұны ел экономикасының цифрлануы мен бизнес-процестердің жаңғыруымен байланыстырады.

Белсенділігі төмендеген бағыттар:

• Әкімшілік қызметкерлер – минус 9,1%;

• Көлік және автоқызмет көрсету – минус 4,6%;

• Спорт және фитнес – минус 3,8%;

• Үй қызметі және жеке көмекшілер – минус 2,3%.

Соған қарамастан, бұл салалар әлі де еңбек нарығында өз орнын сақтап, жұмыс берушілер арасында сұранысқа ие болып отыр.

Қорытындылай келе, сарапшылар III тоқсанның нәтижесі бойынша Қазақстан еңбек нарығының тұрақты екенін атап өтті.

“Жаппай мамандықтар әлі де басым, алайда IT, менеджмент, сақтандыру және шикізат өндіру салалары жаңа жұмыс орындарының негізгі өсім нүктесіне айналып келеді”, — делінген талдау қорытындысында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар