Қазақстанда несие алатындар саны азайды

Қаракөз Амантай 07 сәу. 2026 11:21

Қазақстанда 2025 жылы азаматтардың жаңа несиеге берген өтінімдері 13,7%-ға қысқарған. Бұл туралы Қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Нарықтағы негізгі төмендеу кепілсіз несиелерге тиесілі болды. Барлық өтінімнің 91%-ын құрайтын бұл сегмент 16,9%-ға қысқарған. Ал басқа бағыттарда, керісінше, сұраныс артқан. Ипотекалық несиелер – 9,2%-ға, автонесиелер – 41,8%-ға, ал кепілмен берілетін тұтынушылық несиелер – 77,1%-ға өскен.

Сарапшылардың айтуынша, бірегей қарыз алушылар саны 57 мың адамға азайған. Бұл халықтың қарыз алуға сақтықпен қарай бастағанын және нарықтың жаңа клиенттер тарту мүмкіндігі шектеле бастағанын көрсетеді.

Жаңа берілген несиелер көлемі де баяу өсім көрсеткен: небәрі 8,7%. Ал былтырғы көрсеткіш 21,9% болған. Сонымен қатар бөлшек несиелер портфелі 19,8%-ға ұлғайған.

Орташа пайыздық мөлшерлеме 18,2%-ға дейін көтерілді. Несие өтінімдерін мақұлдау деңгейі 29,2%-дан 26,2%-ға дейін төмендеді. Банктер базалық мөлшерлеменің өсуі мен талаптардың күшеюіне байланысты қарыз алушыларды іріктеуді қатаңдатқан.

Сонымен қатар мерзімі өткен берешек көлемі де артқан. Яғни, 2,9%-дан 4,0%-ға дейін өсті. Бұл негізінен тұтынушылық несие сегментіндегі жағдаймен байланысты.

Айта кетейік, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш керісінше 13,8%-ға өсім көрсеткен еді. Осылайша, кейінгі жылдардағы өсім үрдісі алғаш рет бәсеңдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove