Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,5 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың қаңтар–маусым айларымен салыстырғанда 9,6%-ға жоғары, деп хабарлайды dalanews.kz.
Инвестицияның басым бөлігі, яғни 61,3%-ы ғимараттар мен құрылыстарды салу және күрделі жөндеу жұмыстарына бағытталды. Ал 34,3%-ы машиналар, жабдықтар мен көлік құралдарын сатып алуға жұмсалған.
Қаржыландыру көздеріне келсек, инвестицияның 68,8%-ы кәсіпкерлік субъектілерінің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылған. 13,4%-ы бюджет қаражаты болса, 5,2%-ы банктердің несиелері арқылы қаржыландырылған.
Өңірлер арасында негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлем индексі ең жоғары өсім Ұлытау облысында тіркеліп, көрсеткіш екі есеге артқан. Сондай-ақ Жамбыл облысында өсім 59,6%, Түркістан облысында 44,4%, Абай облысында 23,2%, Батыс Қазақстан облысында 23%, ал Алматы облысында 18,5% болған.
Ал инвестиция көлемінің төмендеуі Жетісу облысында (21,6%-ға), Шымкент қаласында (20%-ға), Қарағанды облысында (10,3%-ға) және Солтүстік Қазақстан облысында (3,2%-ға) байқалды.