Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жасау жоспарланып отыр. Тиісті заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Абзал Құспан рақымшылық Мемлекет басшысының биылғы 17 наурызда берген тапсырмасы аясында әзірленгенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстан тарихында алғаш рет қылмыстық және әкімшілік рақымшылық қатар жүргізілмек.
«Бұл қателік жіберген, бірақ өз ісіне өкініп, мінез-құлқымен түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты мемлекетіміз тарапынан жасалған кезекті ізгілік актісінің көрінісі», - деді депутат.
Заң жобасына сәйкес, қылмыстық рақымшылық аясында қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар, сондай-ақ келтірілген зиян толық өтелген немесе мүлде зиян келтірілмеген орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша қозғалған істер тоқтатылуы мүмкін. Бұл норма тергеу органдары мен соттардың өндірісіндегі істерге де қатысты болады.
Сонымен қатар аталған санаттар бойынша сотталған азаматтарды жазадан босату және орташа ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімін екі есеге қысқарту ұсынылып отыр. Ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың да жаза мерзімін қысқарту көзделген.
«Орташа ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жазасының өтелмеген мерзімін 1/2 бөлікке қысқарту, сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жазасын қысқарту ұсынылады», - деді Құспан.
Абзал Құспанның айтуынша, заңды қабылдау қосымша бюджет шығындарын талап етпейді және теріс экономикалық немесе әлеуметтік салдарға әкелмейді. Депутат заң жобасында адам, қоғам және мемлекет мүдделерінің теңгерімі сақталғанын айтты.