Қазақстанда мүгедектік сатыла ма?

Қазақстанда мүгедектік сатыла ма?
pixabay.com

Қазақстанда мүгедектік тағайындау барысында жалған құжаттар қолдану деректері анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, мүгедектік белгілеу, еңбекке қабілеттілікті жоғалту деңгейін анықтау және әлеуметтік қолдау шараларын тағайындау бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде 167 күмәнді жағдай тіркелген.

«Медициналық құжаттарды талдау нәтижесінде жалғандық белгілері бар 167 факт анықталды», – делінген хабарламада.

Тексеру барысында жүйелі сипаттағы заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, дәрігерлердің әртүрлі пациенттерге бірдей мазмұндағы құжаттарды «көшіріп қою» арқылы рәсімдегені белгілі болды. Сонымен қатар зертханалық нәтижелер, анамнез және мамандар қорытындылары толықтай сәйкес келетін жағдайлар тіркелген.

«Құжаттарда тек науқастардың жеке деректері мен тексеру күндері өзгертіліп, негізгі мазмұны өзгеріссіз қалған», – деп хабарлады ведомство.

Қазіргі уақытта барлық анықталған деректер бойынша тиісті шаралар қабылдануда. 73 жағдай бойынша қайта тексеру жүргізілген, күмән тудырған істер бойынша әлеуметтік төлемдер уақытша тоқтатылған.

Министрлік мәліметінше, заңбұзушылықтар расталған жағдайда мүгедектік тағайындау туралы шешімдер қайта қаралады.

Барлық материалдар құқық қорғау органдарына, оның ішінде прокуратура мен экономикалық тергеп-тексеру департаменттеріне жолданған.

Ведомство бұл бағыттағы бақылау жұмыстары жалғасатынын атап өтті.