Қазақстанда мұғалімдерге өз оқушыларына қосымша сабақ өтуге тыйым салынбақ

Қазақстанда мұғалімдерге өз оқушыларына қосымша сабақ өтуге тыйым салынбақ
Фото: baq.kz

Қазақстанда мұғалімдерге өз оқушыларына репетиторлық жасауға тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, қазір «Білім туралы» заңға тиісті түзетулер әзірленіп жатыр. Жаңа норма бойынша мектеп мұғалімдеріне өздері сабақ беретін оқушылармен қосымша ақылы репетиторлықпен айналысуға шектеу қойылмақ.

Сонымен қатар өзгерістер репетиторлық қызмет көрсету нарығын толық қамтиды. Атап айтқанда, білім беру орталықтарының жұмысы, олардың салық төлеу тәртібі, сондай-ақ балалар мен ата-аналар алдындағы жауапкершілігі заңмен реттеледі.

Министрлік бұл бастама білім беру саласындағы ашықтықты күшейтіп, мұғалім мен оқушы арасындағы мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталғанын атап өтті.