Қазақстанда медициналық қызметтің жаңа форматы іске қосылады: не білу керек?

Ақтоты Жапатова 26 жел. 2025 16:05

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда медициналық көмектің бірыңғай пакетін кезең-кезеңімен енгізу басталады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа жүйе ТМККК мен МӘМС қызметтерін нақты ажыратуға, ауруларды ерте анықтауды күшейтуге және денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Маңызды жаңалық – скринингтер барлық азаматтарға қолжетімді болады. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап онкологиялық аурулар, артериялық гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы, глаукома және қант диабетін ерте анықтауға арналған тексерулер МӘМС мәртебесіне қарамастан жүргізіледі.

Сондай-ақ ТМККК аясында 11 әлеуметтік мәні бар ауруға күдік туған жағдайда тегін диагностика енгізіледі. Олардың қатарында қатерлі ісіктер, туберкулез, гепатит, психикалық бұзылыстар, инсульт, инфаркт және басқа да ауыр дерттер бар. Қазір мұндай диагностика тек туберкулез бен АИТВ бойынша ғана қолжетімді.

2026 жылдан бастап МӘМС жүйесі қосымша 1 млн әлеуметтік осал азаматты қамтиды. Бұл санаттағы азаматтар үшін жарналарды жергілікті бюджеттер төлейтін болады.

Сонымен қатар МӘМС жарналарын тұрақты төлеген азаматтар үшін жеңілдікті кезең 3 айдан 6 айға дейін ұзартылмақ.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде ел халқының 82,6 пайызы немесе 16,9 млн адам МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Жаңа өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, профилактикалық бағытты күшейтуге мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар