Қазақстанда медициналық қызметтерді ҚҚС-дан толық босату ұсынылды

Қазақстанда медициналық қызметтерді ҚҚС-дан толық босату ұсынылды
Фото: ЖИ

Қазақстанда барлық медициналық қызметті қосылған құн салығынан босату мәселесі көтерілді. Ал дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға бірыңғай 5 пайыздық ҚҚС мөлшерлемесін енгізу ұсынылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бастаманы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің отырысында ұсынды. Палата өкілдері денсаулық сақтау саласында бірнеше түрлі салық мөлшерлемесінің қатар қолданылуы есеп жүргізу мен әкімшілендіруді қиындататынын алға тартқан.

Әзірге бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылданған жоқ. Ұсыныстың бюджетке, медицина саласына, дәрі-дәрмек пен медициналық көмектің қолжетімділігіне ықпалы қосымша сараланады.

Қазір ТМККК және МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызметтер мен берілетін 3 мыңнан астам дәрі-дәрмек ҚҚС-тан босатылған. Мұндай жеңілдік сирек кездесетін және әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау, емдеу, алдын алу және оңалту қызметтеріне де қолданылады.

Ал дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада сатуға 2026 жылдан бастап 5 пайыздық ҚҚС белгіленген. Қолданыстағы тәртіп бойынша бұл мөлшерлеме 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 10 пайызға дейін өседі.

Енді "Атамекен" осы тауарларға 5 пайыздық бірыңғай мөлшерлемені сақтап, медициналық қызметтерді ҚҚС-тан толығымен босатуды ұсынып отыр.