Қазақстанда маусым айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 10,3 пайызға дейін төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, биыл Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі - инфляция деңгейін 10 пайыздан төмен түсіру.
Оның сөзінше, елдегі инфляциялық үдерістер біртіндеп тұрақталып келеді. Маусымдағы көрсеткіш - Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы, сондай-ақ, инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі кешенді шаралар аясындағы бірлескен жұмысының нәтижесі.
Серік Жұманғариннің айтуынша, елде теңгерімді бюджет саясаты жүргізіліп, ақша-несие саясаты үйлестіріліп отыр. Сонымен қатар, бәсекелестікті дамытуға, ішкі өндірісті ұлғайтуға, нарықты тауармен қамтамасыз етуге және бизнес шығындарын азайтуға бағытталған шаралар қабылданып жатыр.
Еске салайық, мамыр айының қорытындысында Қазақстандағы жылдық инфляция 10,4 пайыз болған еді.