Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры QazaqCreative бірыңғай цифрлық платформасын іске қосты. Жаңа цифрлық платформа креаторларға мемлекеттік қолдау тетіктерін бір жүйе арқылы пайдалануға мүмкіндік береді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қордың хабарлауынша, платформа жеке және заңды тұлғаларға арналған. Олардың қатарында авторлар, дизайнерлер, суретшілер, фотографтар, музыканттар, қолөнершілер, сондай-ақ шығармашылық студиялар, агенттіктер, продюсерлік орталықтар және креативті индустрия саласында жұмыс істейтін өзге де ұйымдар бар.
Енді креаторлар www.qazaqculture.com порталындағы QazaqCreative бөлімі арқылы тіркеліп, жеке кабинетін ашып, платформадағы цифрлық сервистерді пайдалана алады.
"Тіркелген пайдаланушылар өз профилін басқарып, жобалары мен қызметтері туралы ақпарат жариялай алады. Сондай-ақ мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуға өтінім беріп, хабарламалар алып отырады", – делінген хабарламада.
Қордың мәліметінше, платформада гранттық бағдарламалар, жобаларды қаржыландыру тетіктері, білім беру және акселерациялық бағдарламалар, консультациялық, сараптамалық, ақпараттық және цифрлық қолдау құралдары туралы мәліметтер топтастырылған. Сонымен қатар пайдаланушылар түрлі байқауларға, питчинг сессияларына, форумдарға, көрмелер мен өзге де салалық іс-шараларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
"Платформаға тіркелу үшін www.qazaqculture.com порталындағы QazaqCreative бөліміне өтіп, тіркеу нысанын толтыру қажет. Модерациядан өткеннен кейін пайдаланушының жеке кабинеті ашылады", – деп нақтылады қор.
Сондай-ақ платформа тек креаторларға ғана емес, олардың өнімдері мен қызметтеріне қызығушылық танытқан көпшілікке де қолжетімді болатыны айтылды.
Қордың бағалауынша, QazaqCreative платформасы Қазақстандағы креативті экономиканы дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналады. Алдағы уақытта ұйым креаторларды қолдау, шығармашылық кәсіпкерлікті дамыту, салалық жобаларды ілгерілету және ұлттық креативті индустрияның бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырмақ.