1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда шамамен 6,9 миллион бала тұрады. Бұл ел халқының 34 пайызын құрайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Кейінгі он жылда еліміздегі балалар саны 1,5 миллионға артқан. Мемлекеттік органдардың мәліметінше, бүгінде Қазақстандағы әр үшінші тұрғын – бала.
Ұлттық статистика бюросының соңғы дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20,5 миллион адамнан асты. Ал биылғы қаңтар-сәуір аралығында елде 74 мыңнан астам сәби дүниеге келген.
Мемлекет балалардың тек бүгінгі күніне емес, ертеңгі азаматтық белесіне де берік іргетас қалауды бастады. Соның дәлелі – “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасы. 2026 жылы да еліміздегі кәмелет жасына толмаған әрбір жеткіншек осы игі жобаның толыққанды қатысушысы болып қала береді.
Сондай-ақ биыл Қазақстанда балаларды қолдауға бағытталған жаңа құжат қабылданды. 2026–2030 жылдарға арналған “Қазақстан балалары” бағдарламасы аясында балалардың қауіпсіздігі, денсаулығы, сапалы білім алуы және әлеуметтік қорғалуы бойынша 158 шара іске асырылады.
Бағдарламада ерекше назар буллингтің алдын алуға, балалардың цифрлық қауіпсіздігіне, психологиялық қолдау жүйесін күшейтуге және инклюзивті білім беруге аударылған. Сонымен қатар 2027 жылдан бастап әр баланың жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін “Баланың жолы” цифрлық жүйесін енгізу жоспарланып отыр.