Қазақстанда ақылы жол учаскелерінде жылдамдықты шамадан тыс асыру деректері енді автоматты түрде ӘІБТ өңдеу орталығына жіберіледі деп хабарлайды Dalanews.kz «ҚазАвтоЖол»-ға сілтеме жасап.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, 29 қазаннан бастап ақылы автожол учаскелерінде жаңа жүйе енгізілді. Белгіленген жылдамдық режимін бұзу туралы деректер енді Әкімшілік істердің бірыңғай тізілімінің Процессингтік орталығына автоматты түрде жіберіледі.
«Енді жылдамдықты арттыру фактілері автоматты бақылау доғалары арқылы тіркелген жағдайда, ақпарат тікелей ӘІБТ-ға жолданады. Бұл жол қозғалысы ережелерін бұзу үшін жауапкершіліктің ашықтығын, объективтілігін және бұлтартпастығын қамтамасыз етеді», — деп хабарлады ұлттық компания.
Жүйе көліктің нақты жылдамдығын тіркеп, оны белгіленген шектеумен автоматты түрде салыстыратыны атап өтілген. Бұзушылық туралы деректер ӘІБТ-ға жіберіледі, онда әкімшілік материалдар құрылады.
Жүргізушілерге, әсіресе ақылы жол учаскелері мен автоматты бақылау пункттерінен өткенде, жылдамдық режимін сақтауға кеңес беріледі.
