Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданының Жер қатынастары бөлімінің басшысы мемлекеттік органдарға жалған ақпарат бергені үшін жазаланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аудан әкімі аппаратының сайтында ауданы 180,34 гектар бос шабындық алқаптардың және ауданы 30,62 гектар жайылымдардың болуы туралы анық емес, төмендетілген мәліметтер көрсетілген, ал ШҚО бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының мәліметтеріне сәйкес сұралған учаскенің шабындық алаңы 193,4 гектар, жайылымдар 30,0 гектар болып шыққан.
Осы факті бойынша аудан прокуратурасы лауазымды тұлғаға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады (мемлекеттік органның жалған ақпарат таратуы).
Самар ауданы сотының қаулысымен жер қатынастары бөлімінің басшысы аталған әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 117 960 теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды.
Сот актісі заңды күшіне енді.