2025 жылы Қазақстанда ет өндірісінің көлемі 1,2 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,7% өсті, деп хабарлайды Dala News.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мал шаруашылығында оң динамика сақталып отыр. Ірі қара мал саны 8,2 млн басқа жетіп, 2,4% артқан. Қой мен ешкі 20,6 млн басты құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6% көп. Жылқы саны 4,6 млн басқа дейін өсіп, 5,6% ұлғайды. Сондай-ақ түйе басы 294 мыңға жетсе, құс саны 48,6 млн басқа дейін көбейген.
Ет өндірісімен қатар сүт және жұмыртқа өндірісінде де өсім байқалады. Сиыр сүтінің көлемі 5% артып, 3,8 млн тоннаға жеткен. Ал жұмыртқа өндірісі 2,4% өсіп, 4,6 млрд дана болған.
Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан сиыр еті, қой еті, жылқы еті және тағамдық жұмыртқа бойынша ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда экспорттық әлеуетті арттыруға басымдық берілген.
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ет экспорты 24,8% өсіп, 91,3 мың тоннаға жеткен. Оның ішінде сиыр етінің экспорты 59,1%, ал қой етінің экспорты 92,8% артқан.
Министрлік алдағы жылдары мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту көзделіп отырғанын атап өтті. Жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай ет өндірісі 1,8 млн тоннаға, ал ет экспорты 165 мың тоннаға дейін жеткізілуі тиіс.
