АҚШ-тан жеткен тағы бір жағымды мәлімет. Трансұлттық телекоммуникациялық компания VEON мәліметі бойынша қазақстандық байланыс операторы мен Starlink Direct to Cell келісімге қол қойды. Жоба Қазақстан Республикасының бүкіл аумағын, соның ішінде мобильді байланыс жетпеген шалғай өңірлерді де спутниктік байланыспен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қол қойылған коммерциялық келісім аясында тараптар 2026 жылы SMS хабарламалар алмасу қызметін іске қосуды, кейін мобильді интернетке қосылуды жоспарлап отыр.
«Ұялы байланыс жоқ жерде, бірақ тікелей спутникпен қосылу мүмкіндігі бар аймақта модемдер мен қосымша құрылғыларсыз телефоннан хабарлама жіберу мүмкіндігі – азаматтарымыздың қауіпсіздігі мәселесін шешіп алады», – деп пікір білдірді Жаслан Мадиев, Премьер-Министрдің орынбасары әрі жасанды интеллект және цифрлық даму министрі.
