Қазақстанда 2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша 0 мен 17 жас аралығындағы 6,9 млн бала тұрады. Бұл ел халқының 33,6%-ы, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, балалардың басым бөлігі қалаларда тұрады – 62,3%. Ауылдық жерлердегі балалар үлесі 37,7%-ды құрайды.
Сондай-ақ елде ұл балалар саны қыздарға қарағанда сәл көп. Балалардың 51,4%-ы – ұлдар, ал 48,6%-ы – қыздар.
Ең көп бала Түркістан облысында
Балалар саны бойынша көш басында Түркістан облысы тұр. Өңірде 910,4 мың бала тұрады, бұл Қазақстандағы барлық балалардың 13,2%-ына тең.
Екінші орында Алматы қаласы – 688,9 мың бала немесе жалпы көрсеткіштің 10%-ы.
Ал үздік үштікті Алматы облысы түйіндейді. Бұл өңірде 572,3 мың бала тұрады, бұл барлық балалардың 8,3%-ы.
Бес жылда балалар саны өсті
Статистикаға сәйкес, кейінгі бес жылда Қазақстандағы балалар саны 4,4%-ға артқан.