Қазақстанда егіс науқанына арналған ЖИ платформасы іске қосылды

Қазақстанда егіс науқанына арналған ЖИ платформасы іске қосылды
pixabay.com

Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарын бақылауға арналған жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформа пилоттық режимде іске қосылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов министрлік Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп егіс науқаны туралы деректерді жинауға арналған платформаны әзірлегенін айтты.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта жүйе пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Платформа көктемгі дала жұмыстарының барысы, егіс құрылымы мен көлемі туралы мәліметтерді жедел алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйе ағымдағы жағдайды бақылауға арналған талдамалық ақпарат қалыптастырады.

Алдағы кезеңде платформаның функционалы кезең-кезеңімен кеңейтіледі. Оның ішінде өндірістік процестерді талдау және болжау үшін жасанды интеллект элементтерін енгізу жоспарланған.

Вице-министрдің айтуынша, бұл шешім деректерді автоматтандыруға, мониторинг дәлдігін арттыруға, шешім қабылдау уақытын қысқартуға және жалпы тиімділікті көтеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар министрлік тұқым сапасына бақылауды күшейтіп жатыр. Жалпы тұқым қажеттілігі 2,3 млн тоннаны құрайды. Тексеру қорытындысы бойынша барлық тұқым егіс стандартының 1 және 2 сыныптарына сәйкес келеді.

Биылдан бастап тұқым құнын субсидиялаудың жаңа механизмі енгізілген. Енді отандық тұқымды сатып алған жағдайда субсидия көлемі 10%-ға жоғары болады.

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мәселесі де көтерілді. Қазіргі уақытта елдегі шаруашылықтарда 133,9 мың трактор, 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу құралы бар.

Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңару деңгейі 6,5%-ға жеткен. Биыл бұл көрсеткішті 8%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозу деңгейі 10%-ға төмендеген.

Министрлік мемлекеттік қолдау ең алдымен отандық өндірушілерге бағытталғанын атап өтті. Мысалы, Қазақстанда шығарылған техниканы сатып алу кезінде субсидия көлемі 30%-ды құрайды, ал импорттық техника үшін бұл көрсеткіш 15-25% аралығында.

Осының нәтижесінде бір жылдың ішінде Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемі 22%-ға артқан. Биыл өндіріс көлемін 9,9 мың бірлікке дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Қазақстан нарығына CLAAS, John Deere және Amazone секілді әлемдік өндірушілердің келуі саладағы технологиялық жаңғырту процесін күшейтіп отыр.

Көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы өткізу үшін биыл жалпы көлемі 402,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Қазіргі уақытта оның 204,8 мың тоннасы өңірлерге жөнелтілген.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, фермерлер үшін дизель отынының ұсынылатын бағасы литріне 263 теңге болса, өңірлік операторлар арқылы соңғы баға 281 теңгені құрайды. Бұл жанармай құю бекеттеріндегі бағадан 49 теңгеге немесе шамамен 15%-ға арзан.