Елімізде дәрігерлерге арналған “Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" атағы пайда болды. Аталмыш марапатқа ие болған ақхалатты жандарға 1000 АЕК көлемінде біржолғы төлем төленеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Парламент мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізді. Заң жобасында медицина қызметкерлері үшін жаңа әлеуметтік кепілдіктер көзделген.
Нақтырақ айтсақ, "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағы енгізіледі. Бұл атаққа ие болғандар 1000 АЕК мөлшерінде (биыл 3 692 000 теңге) біржолғы төлемге ие болады.
Сонымен қатар жыл сайын "Өз мамандығының үздігі" республикалық конкурсы өткізіліп тұрады. Байқау жеңімпазы 500 АЕК (2024 жылы 1 846 000 теңге) мөлшерінде төлем алады.
Қала берді балабақшаларда орын бөлу кезінде медицина қызметкерлерінің балаларына басым құқық беріледі. Ал қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған медицина қызметкерлерінің балалары жоғары оқу орындарына конкурстан тыс қабылданады, яғни мемлекеттік білім гранты емтихансыз беріледі.