Қазақстанда медициналық қызметтердің бағасы тоқтаусыз өсіп келеді. Energyprom сарапшыларының есебінше, бір жыл ішінде дәрігердің қарапайым қабылдауының өзі 22%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Energyprom дерегінше, жыл басынан бері ақылы медициналық қызметтер бағасы орташа есеппен 16,1%-ға көтерілген. Оның ішінде ең көп қымбаттағаны анализдер мен медициналық тексерулер (21,5%) және дәрігерлердің алғашқы қабылдауы (19,5%). Сонымен қатар басқа да қызмет түрлерінің бағасы едәуір артқан: тар бейінді мамандардың кеңесі 8,6%-ға, стоматология қызметтері 12%-ға өскен.
"Дәрігер қабылдауы, медициналық тексерулер мен анализдердің қымбаттауына қарамастан, 2025 жылдың бірінші тоқсанында халық пен кәсіпорындар есебінен көрсетілетін ақылы медициналық қызметтерден түсетін кіріс 1,5%-ға азайды. Бұған ауруханалардың кірісі бір жылда 39,4%-ға күрт төмендеуі себеп болды", – дейді сарапшылар.
Кірістің төмендеуі белгілі бір деңгейде мемлекет пен МӘМС-тің кейбір шығындарды өз мойнына алуымен байланысты. Яғни, қазақстандықтар кейбір медициналық қызметтер үшін аз төлеуде немесе мүлде төлемейтін болған. Бұл өзгерістер, әсіресе перзентханаларға, әйелдер консультацияларына және хирургиялық бөлімдерге көбірек қатысты. Мемлекеттік реттеуден тыс жұмыс істейтін жеке клиникалардағы дәрігерлердің қызметі де қымбаттап жатыр. Соның салдарынан жекеменшік емханалар мен стоматологиялардың табысы артқан: жеке стоматологиялардың табысы 48,9%-ға өссе, басқа коммерциялық медициналық қызметтерден түсетін табыс 26,1%-ға артты.
"Бұл өзгерістер халықтың медициналық қызметке жұмсайтын шығындарына әсер етті ме? Тұтастай алғанда, жоқ. Қазақстандықтар өз денсаулығына жұмсайтын ақшаны керісінше көбейткен. 2025 жылдың бірінші тоқсанында отбасының ақылы медициналық қызметке жұмсаған шығындары былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,3%-ға өскен. Бір адамға шаққанда, тоқсандық шығын орташа есеппен 4,6 мың теңгені құраған (өткен жылы бұл көрсеткіш 3,6 мың теңге болған)", – делінген Energyprom есебінде.
Сонымен қатар еліміздің кейбір өңірлерінде халық денсаулыққа өзге аймақтарға қарағанда әлдеқайда көп ақша жұмсайды. Мәселен, Шымкентте жан басына шаққандағы медициналық қызмет шығыны тоқсанына бар-жоғы 1,3 мың теңге болса, Астанада 8,9 мың, ал Қарағанды облысында 9,8 мың теңге, бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіш.
Ең қымбат медициналық қызмет түрі – стоматология. Оның бағасы бір жыл ішінде 26,1%-ға өскен. Ал ауруханалардағы ақылы емдеу қызметінің бағасы тіпті бір жарым есеге (54,1%) көтеріліп кеткен.