2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда БЖЗҚ арқылы төленетін зейнетақы төлемдері 5% артады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
БЖЗҚ баспасөз қызметі бұл өсім зейнетақыны бірнеше жылдан бері алатын азаматтарға қатысты екенін мәлімдеді.
"2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ төлемдері 5%-ға өседі. Бұл өзгеріс бұрыннан төлем алып жүрген зейнеткерлерге қолданылады. Айта кетейік, төлемдер 2023 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Үкіметінің қаулысымен бекітілген әдістемеге сәйкес есептеледі. Сол бойынша, төлемнің алғашқы жылы зейнетақы жинағы 6,5% мөлшерлемесімен есептеліп, 12 айға бөлінеді. Келесі жылдары ай сайынғы төлем 5% индексация мөлшерлемесі бойынша артады", - делінген хабарламада.
Минималды айлық төлем азаматының табысы мен заңда белгіленген өмір сүру минимумының 70%-нан кем болмауы тиіс. 2026 жылы өмір сүру минимумы 50 851 теңге болып белгіленген. Ең жоғарғы төлем мөлшері шектелмеген және әрбір төлем алушының зейнетақы жинағының көлеміне байланысты анықталады.
"Әдістемеде зейнетақы төлемдерін есептеу үшін қолданылатын қосымша коэффициенттер қарастырылған. Олар мыналарға қатысты: өмір бойына немесе мерзімсіз 1 немесе 2 топтағы мүгедектер, сондай-ақ зейнет жасына жеткен және кемінде 60 ай міндетті кәсіби зейнетақы жарнасын төлеген азаматтар. Егер азамат екі шартқа да сай болса, төлемге ең жоғары коэффициент қолданылады", - деп хабарлады БЖЗҚ баспасөз қызметі.
Сонымен қатар төлемдер жинақталған қаражат көлеміне тікелей байланысты, ол тұрақты жарналар мен инвестициялық кіріс есебінен қалыптасады. БЖЗҚ төлемдері жеке зейнетақы шотындағы қаражат толық жұмсалғанға дейін жүргізіледі. Бұл жинақтар қатысушының меншігі болып саналады және азаматтық заңнамаға сәйкес мұрагерлікке беріледі.
