Қазақстанда банктік шоттардан ұрланған қаражатты қайтару тәртібі жеңілдетілді

Қаракөз Амантай 28 там. 2025 14:50

Ұлттық банк қазақстандықтардың банктік шотынан ұрланған қаражатты қайтару процесін едәуір жеңілдететін түзетулер енгізілгенін мәлімдеді. Енді күдікті операциялар бойынша бұғатталған ақшаны қайтару үшін сот шешімі талап етілмейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қаражат тергеу органы жіберген хабарлама мен прокурордың санкциясы негізінде қайтарылады. Бұған дейін мұндай қаражатты қайтару сот қарауының ұзақтығына байланысты бірнеше айға созылып кететін.

Сонымен қатар Антифрод орталығы жанынан алаяқтық операцияларға қатысы бар карталар мен электронды әмияндардың бірыңғай деректер қоры құрылады. Күдікті транзакцияларды бұғаттау мерзімі 3 жұмыс күнінен 5 күнге ұзартылды. Бұл банктерге қосымша тексеру жүргізуге мүмкіндік береді.

Алаяқтық күдігімен уақытша бұғатталған шот иелері әлеуметтік төлемдерге: зейнетақыға, жәрдемақыға, стипендияға және еңбекақыға қолжетімділігін сақтап қалады.

Сондай-ақ заң өз деректерін қасақана қылмыскерлерге беруді білдіретін "дропперлікке" қылмыстық жауапкершілік енгізеді. Бұл көлеңкелі қаржы айналымына және ақшаны жылыстатуға қарсы күреске бағытталған шара.

"Бұл өзгерістер алаяқтыққа, есірткі саудасына, қаржы пирамидаларына және заңсыз ойын бизнесіне қарсы күресті күшейтіп, алаяқтық әрекеттерге жедел жауап қайтаруға мүмкіндік береді", — деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов.

Алдағы уақытта Антифрод орталығының жұмысына жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Бұл жүйе күдікті аударымдарды автоматты түрде анықтап, банктер арасындағы деңгейде бұғаттауға жол ашады. Орталық Бас прокуратурамен, ҰҚК-мен, Цифрлық даму министрлігімен және мобильді операторлармен тығыз байланыста жұмыс істемек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар