Қазақстанда банктер, микроқаржы және сақтандыру ұйымдары ұсынатын қаржы өнімдеріне қатысты тұтынушылардың құқығын қорғау талаптары күшейтіледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы бағыттағы жаңа ережелерді мақұлдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа тәртіпке сәйкес, қаржы ұйымдары әрбір өнімді нарыққа шығармас бұрын оның тұтынушыға әсерін бағалауға міндетті. Өнімді пайдалану барысында клиенттер үшін тәуекелдер анықталса, ұйымдар оның шарттарын қайта қарап немесе сатылымын тоқтатуы тиіс.
Енді қаржы ұйымдары келісімшарт жасасар алдында клиенттің қаржылық жағдайын, көздеген мақсатын және ықтимал тәуекелдерді көтеру мүмкіндігін ескеріп, ұсынылатын өнімнің оған сәйкес келетінін анықтайды. Сонымен қатар өнімнің құны, негізгі шарттары, артықшылықтары мен ықтимал тәуекелдері қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндіріліп, ешқандай ақпарат жасырылмауы қажет.
Агенттік мәліметінше, құжатта қаржы өнімдерін жарнамалау, ұсыну және оларға қызмет көрсету кезінде сақталуы тиіс бірыңғай стандарттар белгіленген.
"Қаржы ұйымдары өнімнің құны, шарттары, артықшылықтары және тәуекелдері туралы нақты әрі теңгерімді ақпарат ұсынуға міндетті. Сондай-ақ адал емес жарнама тәсілдерін қолдануға жол берілмейді. Бұл талаптар азаматтарға сәйкес келмейтін қаржы өнімдерінің ұсынылуын азайтып, олардың саналы қаржылық шешім қабылдауына мүмкіндік береді", - деп хабарлады агенттік.
Сонымен қатар реттеуші алдағы уақытта қаржы ұйымдарының заң талаптарын орындауын ғана емес, олардың өнімдері тұтынушылардың мүддесіне зиян келтірмейтінін де бақылауға алады.