Қазақстанда балаларға арналған sim-карта пайда болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы қаласында SIM KIDS жобасы ресми түрде іске қосылды. Бас прокурордың тапсырмасы бойынша 2023-2025 жылдарға арналған балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарға кәмелетке толмағандарды интернеттегі деструктивті контенттің зиян әсерінен қорғауға бағытталған ұсыныстар әзірленген.
"Осы бастама аясында Алматы қаласының прокуратурасы TELE2/ALTEL байланыс операторымен бірлесіп, "SIM KIDS" пилоттық жобасын іске қосты. Бұл - балалар SIM-картасы. Карта автоматты түрде зиян контентті бұғаттайды, ата-аналарға баланың қосымшалардағы белсенділігін бақылауға мүмкіндік береді және дыбыссыз режимде болса да, баламен байланыста бола аласыз", - деп жазылған хабарламада.
Жоба пилоттық сынақ кезеңінен сәтті өтіп, қазір ниет білдіргендер үшін қолжетімді.