Қазақстанда «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында балалардың психологиялық қауіпсіздігін күшейтетін жаңа цифрлық жүйе құрылады, деп хабарлайды Dala News.
2026–2030 жылдарға арналған бағдарлама шеңберінде елде психологиялық диагностика мен сүйемелдеудің бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады. Жаңа жүйе баланың мінез-құлқындағы және психоэмоциялық күйіндегі тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға, өзгерістерді тұрақты бақылауға және нақты көмекке мұқтаж балаларды үздіксіз қолдауға мүмкіндік береді.
Платформа арқылы әр балаға арналған жеке көмек бағыты қалыптасады. Бұл ведомстволар арасындағы қайталанатын функцияларды азайтып, мамандардың жүктемесін төмендетуге, ең бастысы, баланың мәселесін дер кезінде байқауға жағдай жасайды.
Тұжырымдама аясында педагог-психологтардың рөлі де күшейтіледі. Атап айтқанда:
•білім беру ұйымдарында балалардың әлеуметтік және эмоциялық дағдыларын дамытуға арналған психолог сағаты енгізіледі
•зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған көмек кабинеттері ашылады
•педагог-психологтарға арналған бірыңғай кәсіби стандарттар қайта қаралады
•мамандардың біліктілігін міндетті түрде арттыру көзделеді
•кейс-менеджмент жүйесі енгізіліп, психолог баланы және отбасын кешенді сүйемелдеудің негізгі буынына айналады
•психологтар ведомствоаралық әрекетке міндетті түрде қатысады, соның ішінде қылмыстық процестер кезінде зардап шеккен балаларды сүйемелдеу де қарастырылған
Бұл қадамдар бір реттік әрекеттен жүйелі профилактикаға көшуге, педагог-психологтардың мәртебесін арттыруға және әрбір балаға қай өңірде тұрса да уақтылы әрі кәсіби психологиялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
