Мәжіліс депутаттары цифрландыру, жол қауіпсіздігі және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша түзетулерді қарастырып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Заң жобасы аясында автомектептердің жұмысына қойылатын талаптарды күшейту ұсынылған. Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, қоғамда жолдағы және аулалардағы қауіпсіздікке сұраныс артып отыр.
«Заң жобасы жүргізушілерді даярлау жүйесін жетілдіру, салаға заманауи цифрлық құралдарды енгізу және цифрлық ортада адамның қауіпсіздігін күшейту арқылы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған», - деді депутат.
Құжатта жол ережесін бұзуды тіркейтін техникалық құралдарды пайдалану тәртібі нақтыланады. Сонымен қатар жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарына мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылып отыр.
«Автомектептердің қызметіне рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Ол үшін “Рұқсаттар және хабарламалар туралы” заңға өзгерістер енгізіледі», - деді Екатерина Смышляева.
Депутаттың айтуынша, енді автомектептер рұқсат алу үшін материалдық-техникалық базаға, арнайы оқу алаңдарына, көлік құралдарына және білікті оқытушылар құрамына ие болуы керек.
«Рұқсат алу үшін автомектепте қажетті материалдық-техникалық база, оқу алаңдары, оқу көліктері және білікті оқытушылар болуы тиіс», - деді депутат.
Заң жобасында рұқсат алған автомектептердің арнайы мемлекеттік тізілімін құру да қарастырылған. Бұл жүйе оқу ұйымдарының қызметін тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
«Рұқсат алған оқу ұйымдарының мемлекеттік тізілімі құрылуы ұсынылады. Тізілім рұқсат алғаннан кейін оқу ұйымдарының қызметін бақылауға мүмкіндік береді. Тізілімді жүргізу Ішкі істер министрлігіне беріледі», - деді Смышляева.
Сонымен қатар заң жобасында медициналық деректердің кейбір түрлерін ІІМ-нің автоматтандырылған базасына енгізу ұсынылған.
Мәжілісте бұл шара рөлге денсаулығына байланысты қарсы көрсетілімі бар азаматтардың отыруының алдын алу үшін қажет екені айтылды.