Қазақстанда әрбір екінші адам ғана зейнетақы қорына тұрақты жарна аударады

Қазақстанда әрбір екінші адам ғана зейнетақы қорына тұрақты жарна аударады
Фото: baq.kz

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдауынша, елде жұмыс істейтін азаматтардың жартысына жуығы ғана зейнетақы қорына тұрақты жарна аударады. Бұл болашақта көптеген қазақстандықтың жинақталған зейнетақы көлемінің жеткіліксіз болуына әкелуі мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қауымдастықтың Талдау орталығы жариялаған шолуға сәйкес, жылына 9–12 ай бойы тұрақты зейнетақы жарнасын төлейтіндер саны 4,7 миллион адамды құрайды. Бұл – елдегі жұмыс күшінің жартысынан аз.

"Бүгінде тұрақты зейнетақы жарнасын аударатындар саны небәрі 4,7 миллион адам немесе жұмыс істейтін халықтың жартысынан азы. Бұл көптеген азамат үшін басты мәселе зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану емес, зейнет жасына жеткенде жинақтың жеткіліксіз болуы екенін көрсетеді", - делінген Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәлімдемесінде.

Сонымен қатар 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 27,7 трлн теңгеге жеткен. Жыл басынан бері оның көлемі 1,4 трлн теңгеге немесе 5,4%-ға өскен. Бұған жұмыс орындарының көбеюі, жалақының артуы және инвестициялық табыстың өсуі әсер еткен.

ҚҚҚ дерегінше, инвестициялық табыс бүгінде барлық зейнетақы жинағының 40%-дан астамын құрайды. Ал зейнетақы активтерінің 99,6%-ы әлі де Ұлттық банктің басқаруында болса, жеке басқарушы компаниялардың үлесі небәрі 0,4% деңгейінде қалып отыр.

"Зейнетақы жүйесін дамыту үшін ең алдымен халықты тұрақты зейнетақы жарнасымен кеңінен қамту қажет. Сонымен бірге ресми жұмыспен қамтуды арттырып, халық табысын көбейту және зейнетақы активтерінің табыстылығын қамтамасыз ету маңызды. Азаматтардың жинақтаушы жүйеге деген сенімі де шешуші рөл атқарады", - деп атап өтті Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.