Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 5 пен 9 жас аралығындағы балалардың 23,2%-ында артық дене салмағы анықталған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мамандар бұл мәселені фастфуд пен тәтті сусындарды жүйелі түрде тұтынумен байланыстырады: жасөспірімдердің үштен екісінен астамы газдалған сусындарды тұрақты ішеді, ал әр төртінші бала тәттілерді күн сайын жейді.
Мұның салдары қазірдің өзінде байқалып отыр – 2-типті қант диабеті жағдайлары көбейіп, стоматологиялық денсаулық көрсеткіштері нашарлауда. Тек 2025 жылдың өзінде балалар арасында кариестің 110 мыңнан астам жағдайы тіркелген.
Сарапшылар құрамында қант, тұз және май мөлшері жоғары өнімдерді жарнамалауды мектептер мен сауда желілерінде ғана емес, цифрлық ортада да шектеуге шақырады. Мысал ретінде Ұлыбританияның тәжірибесі келтіріледі. Бұл елде зиянды тағамдардың жарнамасы телеарналарда шектелген, ал интернетте толықтай тыйым салынған. Қазақстанда да Президент фастфудтың агрессивті жарнамасын шектеу қажет екенін айтып жүр.