Қазақстанда мұнайдан түсетін кірістің күрт азаюына байланысты экономиканың құрылымдық кемшіліктері бұрынғыдан бетер анық байқалып отыр.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, ел мұнай рентасына тәуелді өмір сүруді жалғастыра алмайды, ал Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерілген ауыр мәселелер – «көпжылдық жүйелік олқылықтардың» салдары.
Бұл туралы Dalanews.kz хабарлайды.
Әбішев мұнай бағасының шарықтаған кезеңі Қазақстанға «кез келген проблеманы қаражатпен жабуға» мүмкіндік берді, алайда қазір «сол қаражаттың көзі таусылды» дейді.
Нәтижесінде бюджет шығыны мен салық түсімінің арасындағы алшақтық тереңдеп, Үкіметке “белді бекем буып, шығынды азайту, салықты көбейту” қадамдарын жасауға тура келіп отыр.
“Немесе мұнай қорынан (Ұлттық қордан) алып, болашағымызға кепіл болған қаржыны бүгін-ақ тауысып жіберуге, не сырттан қарыз алуға болар еді. Бірақ бұл – ұзақмерзімді тұрақтылықты құрбан ету деген сөз”, – дейді сарапшы.
Саясаттанушы Қазақстанда қосымша қаражаттың жоқ екенін ашық атап өтті: Мұнайдан түсетін көлемді дивиденттер ағыны үзіліп қалғандықтан, ендігі үміт – шетелдік инвестицияда.
“Инвестициялар – ешқашан артық болмайды, бірақ оларды тарту үшін популизмнен аулақ болып, заң талаптарын сақтау қажет. Бұл – елдің экономикалық болашағын айқындайтын басты фактор”, – деп түсіндіреді Әбішев.
Сарапшы алдағы уақытта цифрландыру мен жасанды интеллект әлемдік экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналатынын ескеріп, Қазақстанға дәл осы салаларға дер кезінде басымдық беру керектігін айтты.
Әбішев елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту жолында бейбіт атом энергетикасы саласын дамытуды ұсынып отыр.
“Электр қуатынсыз жаңа технологияларды дамыту мүмкін емес. Біз бұл мәселеде күтіп отыра берсек, әлем алға озып кетеді, ал біз құр сөз бен бос мақтанның арасында қаламыз”, – дейді ол.
Әбішевтің айтуынша, қазақстандық қоғам үшін "май шелпек" заманның дәуірі өтті. Мұнай ағынының азаюы әрі қаржыны тиімсіз жұмсау – экономикада ұзақмерзімді тоқырауға әкелуі мүмкін.
“Бізді құтқаратын жалғыз жол – ұқыптылық, рационализм, тәртіп және аянбай еңбек. Бұл қиын әңгіме болғанымен, оны қоғамда талқылау аса қажет”, – деп түйіндеді сарапшы.
Экономистер Президент Тоқаевтың Үкіметке бюджеттегі теңгерімсіздікті жою үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау туралы тапсырмасы да осы бағытта жалғасады деп болжайды. Ал басты сұрақ – Қазақстанның мұнай рентасына сүйенген баяғы дағдыдан бас тартып, экономиканы әртараптандыруға қаншалықты жылдам көшетініне тіреліп тұр.