Қазақстанда 13,5 млн тонна астық жиналды

Қазақстанда 13,5 млн тонна астық жиналды
UKIMET

Қазақстанда егін жинау науқаны жалғасып, дәнді дақылдардың 61,6%-ы жиналды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 9 қыркүйектегі жағдай бойынша шаруалар 9,6 млн гектар алқаптан дәнді дақылдарды жинап алған. Бұл жалпы егіс көлемінің 61,6%-ын құрайды. Орташа өнімділік гектарына 14,1 центнер болып, 13,5 млн тонна астық бастырылды.

Биылғы егін жинау қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жоғары. Сонымен қатар жиналған астықтың сапасы да бір деңгейде сақталып отыр.

Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 2,83 млн тонна астық жеткізілген. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 552,7 мың тонна болған. Осылайша, қабылданған астық көлемі бір жылда бес еседен астам артқан.

Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша жиналған жұмсақ бидайдың 93%-ы азық-түлік класына жатқызылған. Оның 75%-ы үшінші сыныпты, 18%-ы төртінші сыныпты бидай. Бесінші сыныпты және сыныпқа жатпайтын астықтың үлесі 7%-ды құрады.

Зерттелген жұмсақ бидайдың 51%-ында клейковина мөлшері 28%-дан жоғары болған. Тағы 23,6%-ында бұл көрсеткіш 25–27%, ал 25,4%-ында 23–24% деңгейінде тіркелді.

Министрлік бұл көрсеткіштер жаңа егіннің азық-түліктік әлеуеті жоғары екенін көрсететінін атап өтті. Жиналған өнім ішкі нарықты сапалы астықпен қамтамасыз етуге және отандық агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, өзге ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде 906,5 мың тонна майлы дақыл тұқымы, 2,4 млн тонна көкөніс, 1,8 млн тонна бақша дақылы және 1,2 млн тонна картоп жиналған. Осылайша, аталған дақылдардың жалпы жиналған көлемі 6,3 млн тоннадан асты.

Өңірлердегі штабтар егін жинау жұмыстарын үйлестіріп, науқанды белгіленген мерзімде аяқтау үшін қажетті жағдайды қамтамасыз етіп жатыр.

Егін жинау және күзгі егіс жұмыстарына 401,1 мың тонна дизель отыны бөлінген.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету де жалғасуда. Жылдық қажеттілік 2,3 млн тонна болса, қазірдің өзінде 2 млн тонна немесе 85%-ы жөнелтілген.

Қазіргі таңда негізгі міндеттер — егін жинау жұмыстарын уақытында аяқтау, жиналған өнімді сақтау, астықты сапалы қабылдау және азық-түлікке қажетті астық қорын қалыптастыру.