Қазақстан үкіметі Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты халыққа үндеу жасады

Қаракөз Амантай 02 қаз. 2024 12:53 1663

Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты қазақстандық авиакомпанияларға Иранның әуе кеңістігін айналып өту немесе баламалы бағыттарды таңдау, сондай-ақ тиісті өңірде ұшу бойынша бұрын жолданған нұсқаулар мен ұсынымдарды басшылыққа алу ұсынылады", — делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Таяу Шығыстағы жағдай соңғы уақытта күрделене түсті. Израиль мен Иран арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп, зымыран шабуылдары күшейді. Күні кеше Иран Израильге тағы да зымырандар ұшырды.

Шетел басылымдары шабуыл барысында жүзге жуық зымыран ұшты деп болжаса, Jerusalem Post газеті 500-ге жуық зымыран болуы мүмкін деп мәлімдеді. Алайда бұл ақпараттың анық-қанығы әзірге белгісіз.

БҰҰ мен Еуропа Одағы жетекшілері Тегеранның ісін айытпатап, Таяу Шығыс аймағында атысты дереу тоқтатуға үндеді.

Еске салайық, Иран жыл басынан бері Израильге екінші рет тікелей шабуыл жасады. Мәселен, 2024 жылы 8 сәуірде Иран Израильге жаппай зымыран мен дрон ұшырған. Тегеран мұны Иранның Дамаскідегі консулдығына жасалған әуе шабуылына қарымтасы екенін ескерткен еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар